Энтеровирус инфекциясынан қалай қорғануға болады: жаз мезгіліндегі тұрғындарға арналған ұсыныстар

Жылы кезеңнің басталуымен ішек инфекцияларымен, соның ішінде энтеровируспен жұқтыру қаупі артады. Бұл вирустар асқорыту жолдарын, жүйке жүйесін, теріні және басқа ағзаларды зақымдауы мүмкін. Әсіресе 3 жастан 10 жасқа дейінгі балалар осал болып келеді, ал жұқтыру жағдайлары көбінесе балабақшаларда, мектептерде және лагерьлерде тіркеледі.

Энтеровирустың негізгі таралу жолдары:
— лас қол, су және тағам арқылы (нәжіс-ауыз жолы);
— жөтелу мен түшкіру кезіндегі ауа-тамшы жолы;
— вируспен ластанған ойыншықтар мен тұрмыстық заттар арқылы.

Вирустар су қоймаларында, кәріз суларында және түрлі беттерде ұзақ сақталады. Суыққа төзімді, алайда қайнатқанда, хлор және ультракүлгін сәуле әсерінен жойылады.

Мынадай ұсыныстар береміз:
🔹 Қолды сабынмен жиі жуу — әсіресе сырттан келгенде, дәретханадан кейін, тамақтанар алдында және балаға қараған соң.
🔹 Қолды жумай тұрып бетке тимеу.
🔹 Тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдалану.
🔹 Жемістер мен көкөністерді қауіпсіз сумен мұқият жуу.
🔹 Дезинфекциялық құралдармен ылғалды тазалық жүргізіп, бөлмені жиі желдету.
🔹 Тек рұқсат етілген, санитарлық бақылаудан өткен орындарда және бассейндерде шомылу, суды жұтып қоймауға тырысу.
🔹 Өзіңізде немесе балаңызда ауру белгілері байқалса, көпшілік орындарға бармау.
🔹 Дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бөртпе, құсу, іш өту сияқты алғашқы белгілерде дереу дәрігерге қаралу.

Өзіңіз бен жақындарыңыздың денсаулығын сақтаңыз — қарапайым ережелерді сақтау арқылы жазда жұқтыру қаупін төмендетуге болады.